Сауалнама: Салық реформасы экономикалық үрейді күшейтті

Қазақстандықтардың 77,6%-і 2026 жыл басталғаннан бері шығыны артқанын хабарлады

2026 жылғы 5–15 ақпан аралығында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Салық реформасының жұмысын бағалау» тақырыбында сауалнама жүргізді. 

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оған сәйкес, шағын және орта бизнеске салынатын ҚҚС мөлшері 16%-ке дейін артады, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 40 миллион теңгеге дейін төмендейді, жеңілдіктер мен арнайы режимдер қайта қаралады және басқа да бірқатар фискалдық өзгеріс болады. 

Алайда 20 қаңтар күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев «қоғамның дұрыс әрі негізді ұсыныстарын» мұқият қарастыра отырып, Салық кодексіне түзету енгізуді тапсырды. Бұл жөнінде президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты. 

DEMOSCOPE зерттеуі салық реформасы жұмыс істей бастағаннан бері қарайғы қазақстандықтардың көзқарасын талдап, реформадан не күтетінін сұрастырды.  

Фискалдық өзгеріске қатысты көзқарасты көрсететін мейлінше сезімтал көрсеткіштің бірі халықтың жеке шығынын бағалауы болды. DEMOSCOPE зерттеуі 2026 жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандықтардың көпшілігінің (77,6%) шығыны артқанын көрсетті: респонденттердің 54,4%-і шығыны айтарлықтай артқанын айтса, 23,2%-і аздап артты деген. Тағы 16% респондент шығыны өзгермегенін айтса, 6,3%-і жауап беруге қиналды. 

Шығынның артуы қазақстандықтарды біраз дүниені үнемдеуге мәжбүрледі. Бірінші кезекте азық-түліктен (44,5%), киім мен аяқ киімнен (36,1%), жеке көлікпен және таксимен жүруден  (28,3%) үнемдей бастаған.

Қазақстандықтар үнемдеуге мәжбүр болдық деп көрсеткен келесі салалар мынадай: 

  • кафе, мейрамхана, жеткізу қызметі – 25,8%
  • көңіл көтеру және демалыс – 23,2%
  • коммуналдық қызмет – 20,4%
  • дәрі-дәрмек және медицина қызметі – 20,2%

Тағы 24,2%-і ештеңеден үнемдеп жүрген жоқпын деп жауап берген. (Бұл сұрақта бес жауап нұсқасына дейін таңдау мүмкіндігі болды).

Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін азаматтар басқа да қиындықтарға тап болды, атап айтқанда:

  • тауар және қызмет бағасының өсуі – 53,8%
  • қаржы тұрақтылығын ойлап уайымдау – 26,3%
  • жаңа салық ережесінің қиындығы – 16,2%
  • нақты табысының төмендеуі – 15%
  • жұмысымнан айырылып қаламын деген қауіп – 5,1%

Респонденттердің 16,6%-і ешқандай қиындық туған жоқ десе, 11,4%-і жаңа Салық кодексі туралы ештеңе естімеген. (Бұл сұрақта үш жауап нұсқасына дейін таңдау мүмкіндігі болды).

Салық кодексінің күшіне енуі қалай ықпал етуі мүмкін екенін болжағанда респонденттер ҚҚС көтерілуі бұдан кейінгі тұрмысына қалай әсер ететіні туралы ойын айтты. 

Олардың 65%-і тұрмысымыз нашарлайды деп санайды: 40,5%-і айтарлықтай нашарлайды десе, 24,5%-і аздап нашарлайды дейді. Ал 8,2%-і өмірі айтарлықтай немесе аздап жақсарады деп санайды. Тағы 13,3%-і жаңа Салық кодексінің жұмысы өміріме ешқандай әсер етпейді деп есептейді. 

Айта кетерлігі, DEMOSCOPE 2025 жылдың қараша айында, салық реформасы басталар тұста қоғамның пікірін білу үшін респонденттерге осыған ұқсас сұрақты қойған болатын. Одан бері қарайғы уақытта күмәнмен қарайтын азаматтардың қатары артқан. Сол кездің өзінде сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (жалпы 61,4%) салықтың көтерілуі тұрмыс сапасына кері әсер ететінін айтқан. 32,4%-і ғана өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсаратынын айтқан. 

Ал Қазақстан экономикалық мәселелер расында да басымдыққа ие болып отырған 15 мемлекеттің қатарына кірді, яғни елдегі ересек халықтың кем дегенде жартысы экономиканы немесе негізгі игіліктерді елдің басты мәселесі деп санайды. 2026 жылы жарияланған Gallup және World Governments Summit бірлескен зерттеуі осыны көрсетеді. Қазақстанның бұл тізімге енуінің өзі қауіпті белгі, демек, халықтың экономикаға қатысты субъективті қаупі ұзаққа созылған экономикалық дағдарысты бастан кешіп отырған елдердегі жағдайға ұқсас деген сөз. 

2026 жылдың 31 наурызында коммуналдық тарифті (жарық, жылу, су) көтеруге 2025 жылдың қазан айында белгіленген мораторий мерзімінің аяқталуы қазақстандықтардың жаңа Салық кодексіне қатысты үрейін одан бетер күшейтуі мүмкін. Мораторийге қарамастан, 2026 жылдың қаңтар айында-ақ қазақстандықтар тарифтің көтерілгенін байқаған. Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, ҚҚС көтерілуіне орай бағаның да өсетіні белгілі. 

DEMOSCOPE сауалнамасы респонденттердің 9%-і ғана мораторий туралы жақсы білетінін, 21,7%-і естігенін, бірақ жай-жапсарын біле бермейтінін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (67,9%) мораторий туралы да, оның аяқталатыны жөнінде де хабарсыз және бұл туралы алғаш рет естіп отыр. 

DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі жаңа Салық кодексінің күшіне енуі мен ҚҚС көтерілуі халықтың арасындағы үреймен қатар жүргенін көрсетіп отыр. Респонденттердің көпшілігі салық өзгерісі тұрмысына кері әсер етеді деп есептейді және қазірдің өзінде шығыны артқанын, соның ішінде бірінші кезекте тауар мен қызмет бағасының қымбаттауынан болып отырғанын айтады. Осының өзі халықтың басым бөлігін негізгі шығындарды азайтып, соның ішінде азық-түлік, киім мен көлікке жұмсайтын ақшаны үнемдеуге мәжбүрлейді. Ал коммуналдық тариф бағасына мораторий белгілеу сияқты мемлекет саясатына қатысты басқа да шаралардан хабарсыз болуы әлеуметтің үрейін одан бетер күшейтіп, қазақстандықтардың алаңдауын тудыруы мүмкін. 

Баспасөз хабарламасы мен инфографиканы қазақ және орыс тілдерінде келесі сілтеме бойынша алуға болады. Материалдарды пайдаланған уақытта DEMOSCOPE сайтына гиперсілтеме беру міндетті. 

Бұл материалды «Экономикалық даму жолындағы тиімді басқару» бағдарламасы аясында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Даму саясаты институтымен әріптестікте және халықаралық даму шеңберінде Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен дайындады. Материалда келтірілген пікірлер Ұлыбритания үкіметінің ресми көзқарасын білдіруі міндетті емес. 

______________________________________________________________________

Әдістеме: Сауалнамаға 2026 жылғы 5–15 ақпан аралығында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 47,5% ер адам мен 52,5% әйел адам қатысты. 65,1%-і қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 34,9%-і орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 74,6%-і – қазақ, 14,2%-і – орыс, 11%-і – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 66,4%-і қалада тұрса, 33,2%-і ауылдық жерді мекендейді. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-тен аспайды. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді. Қосымша ақпаратты үйлестіруші Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.

Сауалнама «Салық реформасының жұмысын бағалау»

Инфографика «Салық реформасының жұмысын бағалау»